ӨТЕГЕН БАТЫР ТУРАЛЫ АҢЫЗДАРДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР

  Әмерқұл Нұрай (Қазақстан, Алматы) |    Завантажити статтю

Фольклорлық прозаның басқа жанрларына қарағанда аңыздың танымдық қызметі айқынырақ, ол елдің өткен тарихынан, өмірінен мағлұмат береді, яғни аңыз жұрттың білімін көбейтеді. Қазақ тарихында аты белгілі қайраткерлер мен ірі оқиғалардың аңызда айтылмайтыны жоққа тән. Сол себепті, жоғарыда келтірілген батыр туралы аңыздарды шын деп қабылдап, талай ғасыр ел сенген батыр ақиқатынан баз кеше алмаймыз. Батыр туралы аңыз бен ондағы батыр бейнесіне тоқталып өттік. Ендігі кезек, батыр туралы аңыздардағы фольклорлық дәстүрді анықтауда болсын. «Дәстүр» сөзі бәрімізге белгілі «сабақтастық» сөзімен тікелей байланысты. Дәстүрді кез келген жерден көре аламыз. Себебі, дәстүрді елемеуге болмайды, өйткені ол әдебиеттің тарихи дамуының сабақтастығының бұзылуына әкеп соқтырады. Фольклорлық дәстүрдің ерекшелігін аңғару үшін қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілеріне жүгінеміз. Көбіне фолклорлық шығармаларда дәстүрге айналған сюжеттер болады. Мысалы, ертегілердегі сюжеттік қайталаулар, батырлық жырлардағы сюжеттер ұқсастығы және т.б.