Қазіргі дүниені неғұрлым дұрыс танып, білу үшін және жақсы өмірдің дұрыс жолын таңдай білу үшін және жаңа мыңжылдықта білімді, тәрбиені, адамгершілікті-ізгідікті дамыту үшін біз әр уақытта, әр дәуірде өзімізге дейінгі өткен идеялар мен қағидаларға сүйенгеніміз жөн. Ондай идеяларды Орта ғасырларда өмір сүрген Батыс пен Шығыстың ғұлама ойшылдары Аверроэсо (Ибн Рушд), Я.А. Коменский, Н.Макиавелли, Ибн Халдун, Ибн Сина, Әл Бируни және т.б. айтты. Осындай ойшылдардың бірі-бірегейі, қазақ топырағынан шыққан ғұлама ғалым-философ Әл-Фараби еді. Ол сонау Ерте орта ғасырлардың өзінде адамзат ілімінің молайып, ақыл-парасаттың жетілуін, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын атап көрсеткен болатын. Фараби идеялары оның 140-тан астам трактаттарының арқауы болды.