АҒЫЛШЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕТІСТІКТІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

  Асель Бимашева (Актобе, Казахстан) |    Завантажити статтю

Тіл – ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық құбылыс. Бір тіл – бір ұлт. Кез-келген халықтық ойлау ерекшелігі оның ұлттық тілінде көрініс табады, халық даналығы, дүниетаным көзқарасы тілінде түйінделеді. Тіл қазынасына жататын көкейге қонымды, бейнелі, алуан түрлі тұрақты тіркестер, олардың тілдік табиғаты, заңдылықтары, құрылымдық ерекшеліктері әлемдік тілдердің көпшілігінде зерттеліп келе жатқаны белгілі. Себебі, олардың шығу төркіні, көнеленуі, мағыналық құрылымы, тұлғасы жағынан және стильдік тұрғыдан өзіндік ерекшеліктері бар. Осы көркем, мазмұны терең, көлемі шағын-қабат тіркес, тізбектердің танымдық мәні ерекше. Уақыт өте келе ықшамдалып, өңделіп, халықтық ортақ мұраға айналған сан-саналы тізбектерді жинақтап, бір ізге түсіру, олардың мазмұн мәжесіндегі кодқа салынған әр түрлі ақпараттарды айқындау тіл мамандарын ерекше қызықтырып отыр. Әлемдегі тіршіліктің бар саласын қамтитын әр ұлттың өзіне ғана тән көркем сөз орамдары – фразеологизмдерді молынан табуға болады. Фразеологизм тілдің айшықты да, мәнерлі, бай саласының бірі. Бұлар өзінің бейнелік, әсерлік, экспрессивті – эмоциялық, суреттеме қасиетімен көзге түседі. Осындай көркем, пәрменді бояуы қанық алуан түрлі фразеологизмдерді халық орынды пайдаланып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Халықтың талай ғасыр сомдап шығарған тұрақты тіркестері – фразеологизмдер тіл қазынасының бір бөлігі.