ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ НЕГІЗГІ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ӘСЕРІ

  Айжан Орымбаева (Қазақстан, Астана) |    Завантажити статтю

Оңтүстік Қазақстан облысының жер бедері негізінен жазық (орташа биіктігі 200 – 500 м). Солтүстігінде тасты-сазды Бетпақдала шөлінің оңтүстік-батысы, Ащыкөл ойысы, Тоғызкентау жоны, Шу өзенінің төменгі ағысы және Мойынқұм құмды алқабының батыс бөлігі орналасқан. Облыстың орталық бөлігін Қаратау жотасы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай екіге бөліп жатыр. Оның ең биік жері – Бессаз (Мыңжылқы) тауы (2176 м). Қаратаудың оңтүстік-шығысында Боралдай(1400 – 1600 м) жотасы орналасқан. Облыс жерінің оңтүстік-шығысын Батыс Тянь-Шань-ның сілемдері (Өгем жотасы), Қаржантау (2800 – 2900 м), Қазығұрт тауы (1700 м), Талас Алатауының батыс сілемдері – Кіші Ақсу (2577 м), Алатау (3137 м) таулары қамтиды. Облыстың ең биік жері – Сайрам шыңы (4299 м). Оңтүстік-батысында Қызылқұм құмы, Қарақтау тауы (388 м), оңтүстігінде Шардара даласы, Ызақұдық құмы, Қауынбай молда (321 м), Белтау (592 м) жоталары, қиыр оңтүстігін Мырзашөл алып жатыр.