Ы. АЛТЫНСАРИН ЖӘНЕ А. ҚҰНАНБАЕВ ҒЫЛЫМ-БІЛІМДІ МОДЕРНИЗАЦИЯЛАУ ПРОЦЕСІНІҢ ЖАРШЫЛАРЫ ХАҚЫНДА

  Құдайберген Темірғалиев, Несібелі Нұрмаханова, Алуа Бакирова (Қарағанды, Қазақстан) |    Завантажити статтю

XXI ғасырда әлемдік және қоғамдық келбет анағұрлым өзгерді, оған деген дүниетанымдық бағдар да жаңарды. Қазіргі таңдағы модернизация процесі осының дәлелі. Модернизация процесі қоғамның барлық экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани салаларын қамтиды. Егерде біз модернизация процесін жаңару, жаңғырту деп қабылдайтын болсақ, онда білім беру саласындағы жаңашылдық бағытты анықтау және өмірде оны қолдану қоғамның әлеуметтік-саяси, экономикалық және құқықтық, мәдени-рухани қажеттілігінен туындайды. Сондықтан модернизациялау процесіне сәйкес Қазақстанның білімі болашақта ашық әлеуметтік жүйе ретінде саяси, экономикалық және мәдени өзгерістермен сипатталатыны хақ. Осымен байланысты келешек үшін білім беру әлеуметтік-рухани іс-әрекет ретіндегі маңызы зор мәселелердің бірі болып табылады. Білім беру мазмұнын модернизациялау процесі жоғары оқу орындарының оқытушыларына біршама міндеттер жүктейтіні сөзсіз және ол орынды да. Бұл студенттердің білім алуға деген құштарлықтарын, жасампаздық қабілеттерін арттыру, сондай-ақ, білім беруге қатысты рухани іс-әрекет, қызмет, интеллектуалдық шығармашылық, бағыттылық, жетілдіру технологиясы ретінде анықталады. [5, 5 б] Қазақстан Президенті осы орайда «Интеллектуалдық ұлт – 2020 идеясы» турасында мына пікірді айтады: «Идеяның басты мақсаты – жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу. Елді адам капиталы арқылы бәсекеге қабілетті ету. Бұл үшін біріншіден, білім жүйесінің инновациялық дамуына жол ашу керек. Екіншіден, электрондық қызмет көрсетуді жаңа заманға сәйкестендіру керек... Үшіншіден, жастардың рухани тәрбиесіне айырықша көңіл бөлу...». [4] Білім мен тәрбие егіз, олар диалектикалық байланыста болады. Сондықтан да оқу процесінде оқытушы жалаң білімнен аулақ болып, оны тәрбиемен ұштастыруы керек. Біз авторлар өз мақаламызды Ы. Алтынсарин және А. Құнанбаевтың көзқарастарын арқау ете отырып жаздық. Өйткені, олардың оқу, білім-ғылым, тәрбие турасындағы ой тұжырымдары, пайымдаулары, шығармашылығы әр уақытта кеше де, бүгін де өзекті болды, болады және бола бермек ... Ы.Алтынсарин білімнің адам өмірінде қаншалықты қажеттігін және оны бойына сіңіре білген адамның санасының оянып, танымының артатынын көрсетіп береді.[5, 8 б.]