МӘДЕНИЕТ – ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ӨЛШЕМІ

  Роза Абитаева, Света Саменова (Жезқазған, Қазақстан) |    Скачать статью

Мәдениет адам дамуының өлшеуіші, әрі ол өзінің барлық тарихи кезеңінде адам өмірінің құндылықтарының меңгерілу ауқымын сипаттап қана қоймай, адамның осы құндылықтарға ену тәсілдерін де сипатайды. Сол себептен де мәдениет адамзат іс-әрекетінің кез-келген түрін, қоғамдық өмірдің барлық жағын қамтиды, адамның ойлау стилі мен мінез-құлқын да қалыптастырады. Ол тек адамның білімділік деңгейін, оның кеңдігі мен тереңдігін ғана емес, сондай-ақ тәрбиелілігін, интеллектуалдылығын, яғни өз ойын анық жеткізе алу, зейін қойып тыңдай алу, қарсы әрекеттерді дұрыс жасай алу, жағдаятқа байланысты өзін дұрыс ұстай алу іскерліктерін де сипаттайды. Мәдениет – адам әрекетінің саналы қызметінің көрінісі. Олай болса, сол әрекеттің қызмет нәтижелері де мәдениет дәрежесін паш етеді. Мәдениет адамсыз жаралмайды. Адамның дамуы мәдениетке тікелей байланысты. Қарым-қатынас пен мәдениеттің ажырамас тұтастығын көрсететін негізгі жол – тұлғаны дамыту, тәрбиелеу, қалыптастыруда оның қоршаған дүниені қабылдауы, меңгеруі және табиғи, әрекеттік, әлеуметтік қатынасы. Мәдениет ұғымын жан-жақты қарастыратын болсақ, теориялық зерттеулер бұл тұрғыда әртүрлі бағыттар ұсынады, яғни тұлғаны дамытуда мәдени дамуды қарым-қатынас реттейді, оларды басқаратын және жіктейтін механизмдерін, заңдылықтарын анықтайды. Ғылыми теориялық бағытта, қарым-қатынас мәдениеті – рухани қатынастар мен материалдық байлықтың құндылықтарының адамзат санасындағы бейнесі, тұрмыс тарихындағы өткені мен бүгінгі күнінің іс-әрекеті, мінез-құлық, жүріс-тұрысындағы нормаларының сипаты.