Драматургия – театр өнерінің алтын діңгегі. Ал әдебиетте күрделі жанырлардың бірі болып табылады. Себебі, оқиғаның мән-мағынасын, мазмұнын сахнаға лайықтап, әрекетке құру оңай дүние емес. Сондықтан болар, көптеген жазушылар драматургия әлеміне ат басын бұра бермейді. Дей тұрғанмен, бойына батылдық алып, қазақ драматургиясының қалыптасуына зор үлес қосқан қазақ халқының рухани-әлеуметтік болмысын қалыптастырған ұлы жазушы, драматург, қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, аса дарынды талант иесі Мұхтар Әуезовтың бізге қалдырған мұрасы баға жетпес қазына.