АНТРОПОНИМДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

  Сағынғанова Айдана (Ақтөбе, Қазақстан) |    Скачать статью

Этнолингвистика - халықтың этногенезін тұрмыс-салты мен әдеп- ғұрпын, мекен-жайын, басқа халықтармен тарихи-мәдени байланысын, күнделікті тұрмысын, материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін тіл білімінің саласы [1;539]. Тіл мәселелерін мәдениетпен халық әдет-ғұрпымен, салт-санамен байланыстыра зерттеу XX ғасырдың 20- 70 жылдарында орын ала бастады. «Тіл адам санасы мен объективтік шындық арасындағы бірыңғай қатынас тізбегіне ене отыра, өзі сол санадан, объективтік шындықтан туған туынды болып табылады» дейді В.А.Звегинцев [2; 323]. Америка ғалымдарының еңбектерінде «этнолингвистика» терминінің орнына көбіне «антрополингвистика», «этносемантика» атаулары қолданылады. Осы бағытта зерттеулер жүргізген Ресей этнолингвистикасының өкілдері Н.И.Толстой, В.В.Иванов, В.Н.Топоровты т.б. Олар тілдің тарихын, этнолингвистикалық атластарын жасап, тілдегі және халық мәдениетіндегі аумақтық және әлеуметтік диалектілерді т.б. зерттейді [3;17]. Антропонимдер адамзат баласының ілгеріде өткен өмірін, тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын, материалдық-рухани мәдениетінің қырларын көрсете алады. Қазақ халқының табиғатында балаға ат қою барысында ырым-жоралғыларға сенім мол болғандығын айта келіп, ағартушы-ғалым Ш.Уәлиханов былай деп жазады: «...әйелі үнемі қыз туып, ұл көрмей жүргендер игі ниетпен ең соңғы қызына Ұлтуған деген ат қояды. Майкөт деп те атайды, артынан ұл туса екен деп» [4;59]. Осы айтылғандарға қатысты көптеген дерек көздерін профессор Қ.Жұбановтың «Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі тарихынан» зерттеу еңбегінен көреміз. Аталмыш еңбегінде ғалым біріккен тұлғалы кісі есімдерінің синтаксистік құрылысына ерекше назар аударып, жан-жақты талдау жасайды. Грамматикалық құбылыстардың даму тарихын осы күнгі тіл фактілерінен алып зерттеуді мақсат тұтқан ғалым тіліміздің қазіргі синтаксистік нормасына қайшы келетін, яғни анықталушы мен анықтауышының орны ауысып жүрген көптеген сөз таптарын көреді. Мысалы: Күнсұлу, Айсұлу, Таңжарық, Айжарық, Маман бай, Көтібар батыр т.б. кісі аттары мен тіркестерінде анықтаушы эпитет сөздер өз орындарында емес. Ғалым мұндай тәртіптің ізін түбір мен қосымшалардан да табуға болатындығын айтады. Бұл тұрғыда қосымша дегеніміз о баста мағыналы сөдер болғандығын, солардың бірқатары анықтаушылық қызметте жұмсалып тұрғандығы көрінеді. Құлыншақ, келіншек, қапшық, ершік т.б. сөздердегі –шақ/-шек;-шық/-шік;-ша/-ше-лер о бастағы шаға сөзінен шыққан жұрнақтар дейді ғалым.Шаға о баста бала мағынасын береді десек, жоғарыдағы сөздер құрамында қосымшалық қызметте тұрып анықтауыштық сипат алып тұр. Осындай деректерге иек арта отырып профессор Қ.Жұбанов тілдің тарихи дәуіріне көз жібере отырып ілгері кезеңдерде тілімізде өзгеше синтаксистік заңдылық болған деген тұжырым жасайды және оны тілдің даму сатыларының сапалық бір түрінен, аморфты–синтетикалық құрылысты түрінен аглютинативтік құрылысқа көшу дәуірінде болған тілдік ірі оқиға деп топшылайды.