ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БАСТАУЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРДЫ ИГЕРУ МӘСЕЛЕСІ

  Гульнара Обаева (Актобе, Казахстан) |    Скачать статью

Қазіргі филология ғылымының маңызды проблемаларының бірі – фольклор мен әдебиеттің өзара байланысын жан-жақты игеру. Әлемдік мәдени дамудың құрамдас бөлігі ретіндегі қазіргі әдебиеттану ғылымының басты өзекті мәселелерінің бірі болып әдебиет пен халық ауыз әдебиетінің өзара байланысы мәселесі саналады. Әр дәуірдегі әдебиеттің фольклорға бет бұруының өзіндік, күрделі, тарихи шартты заңдылықтарын ашу қазіргі ғылымның ең маңызды міндеттерінің бірінен саналады.Осы байланыстың даму динамикасын анықтау, қазақ әдебиеті дамуының әр кезеңіндегі жазушылар фольклоризмінің нақты мазмұнын оқып-үйрену де маңызды міндеттердің бірі. Әдебиеттегі фольклорлық дәстүр мәселесін белгілі бір жазушының көркемдік әдіс-тәсілдерінің жүйесі деп қана емес, сонымен қатар философиялық, этикалық, дүниетанымдық категорияда қарастыру қажет. Отандық ғылымда фольклоризм мәселесін анықтаудың түрлі аспектілері қалыптасып келеді. Ұлттық әдебиеттің қалыптасуындағы фольклордың рөлі зор. «Фольклор» терминіне қатысты тұжырымдар жалпы дүние жүзінің жетекші ғалымдары арасында бірталайға шейін пікір таласқа негіз болып, бүгінгі күні сөз өнерінің ерекше мұрасы ретінде мойындалып, жазба әдебиеттің бастауы ретінде тұжырымдалды. В.Я.Пропп фольклор деп «дамудың қандай деңгейде болғанына қарамастан, барлық халықтардың әлеуметтік төменгі сатыдағыларына тән шығармашылықты» [1,19б.] атайды да, әрі қарай фольклордың өзіне тән белгілерін белгілеп, фольклор мен әдебиет байланысына ұластырады. Фольклористика мен әдебиеттану ғылымының күрделі де маңызды міндеттерінің бірі ретінде шығарманың ішкі құрылысын зерттеуді атайды. Фольклорлық шығармалар мен әдебиет туындыларының құрылымы әр түрлі екендігі ғылымда дәлелденген,яғни фольклордың тек қана өзіне тән құрылымдық заңдары болады. Ал осы өзіндік заңдылықты түсіндіруге әдебиеттану ғылымының күші келмейді, бірақ оны тек қана әдеби талдау тәсілдерімен анықтауға болатынын айтады. Осылайша фольклор мен әдебиеттің өзара байланысы мен ерекшелігі мәселесі бүгінгі күнге дейін өзек тартып келеді.