ҚАЗЫҒҰРТ ӨҢІРІ ЖАЙЛЫ АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕР

  Ақерке Спатаева (Астана, Қазақстан)  |    Скачать статью

Аңыз – жазба құжатқа түскен дерек емес, ол – белгілі бір ортада, белгілі бір уақыт бойына сақталып келе жатқан дүние. Біреулер аңызды тарихи дерек деп қарастырса, екіншілері оны мүлде есепке алмайды. Аңыз өзінің пайда болуы мен бүгінгі таңға дейін жету кезеңі аралығында талай адамның, ұрпақтың жадында сұрыпталудан, түзетулер мен толықтырулардан өтті. Сондықтан аңыз астарынан шын тарихи дерек таппасақ та, тарихи мағлұмат бере алатын қайнар көзді табуға болады. Десекте, аңыздың астарында ақиқат бар, ол ақиқат араға жылдар салып, сан ұрпақтың сұрыптауынан соң адам сенбес аңызға айналады [1, 32 б.]. Аңыз астарындағы шындықты табу үшін алдымен аңыздың табиғаты мен оның ішкі шарттарын түсініп алу керек. Сондай аңыздардың бір шоғыры – Қазығұрт өңірі жайлы аңыздар.