АНТРОПОНИМДЕР ҚҰРАМЫНДА КЕЗДЕСЕТІН ЕСІМШЕ ЖҰРНАҚТАРЫ

  Зауре Жанғабылова, Камшат Омарова (Жезказган, Казахстан) |    Скачать статью

Есімше - әрі етістік, әрі есім сөздер тәрізді түрленетін етістіктің ерекше категориясы. Тілші-ғалымдар етістіктің бұл категориясының бастапқыда қимыл атауына тән формалар болғандығын, кейіннен етістіктің семантикасы мен шақты білдіру қасиетіне ие болып, өз алдына дербес категория болып қалыптасқандығын және сөйлемде қандай қызмет атқарса да есімшелер өздерінің негізгі сипатынан, яғни шақтық мәнді білдіру қабілетінен айрылмайтындығын айтады [1,c. 300]. Соған орай есімше формалары өткен шақ есімше, осы шақ есімше және келер шақ есімше болып үшке бөлінеді. Осы сипатына қарай есімшелер есімдер тобында емес, етістіктер тобында қаралады. Ал біз сөз еткелі отырған антропонимдер белгілі бір затты арнайы, даралай атау қызметіне орай зат есімдер тобында қаралады. Енді осы есімшенің антропонимдерді жасауда қандай ролі бар? Қазақ антропонимдері қатарынан Ерген, Төлеген, Тілеген, Аңсаған, Тұрар, Аңсар, Гүлжанар, Басар сияқты есімше тұлғалы кісі есімдерін көптеп кездестіруге болады. Ал осы есімдерге құрамына қарай және мағыналық тұрғыдан талдау жасасақ, Ерген, Төлеген, Тілеген, Аңсаған есімдері өткен шақ есімше болса, Тұрар, Аңсар, Гүлжанар, Басар есімдері келер шақ есімше екендігін аңғау қиын емес. Ал жалпы тіл білімінде кісі аттарының мағынасы туралы мәселе әлі де даулы болып келеді. Зерттеуші А.А.Реформатский «Жалқы есімдердің мағынасы болады, бірақ оларда ұғым болмайды» деген пікірді айтса (2. 536), ғалым Т.Жанұзақов еңбегінде «Қазақ тіліндегі кісі есімдерінің мағынасы бар. Олардың бірінің мағынасы айқын тұрса, бірінің мағынасы жасырын тұрады. Олардың мағыналары лингвистикалық зерттеулер жүргізіп, ғылыми тұрғыда талданғанда ғана ашылады» деген пікір кездеседі (3. 193). Жалқы есімдердің мағыналары туралы дәлелді пікірлер М.Оразовтың «Қазақ тілінің семантикасы» атты еңбегінде де кездеседі (4. 211). Демек, кісі есімдерінде мағына бар. Мысалы, тілімізде ұшырасатын есімше тұлғалы Дәметкен, Ұлтуған сияқты әйел есімдерінен «ұл дәме етіп едік», «ұл туған екен десек» деген мағыналарды аңғару қиын емес. Кісі есімдеріне талдау жасау барысында есімше тұлғалы антропонимдердің әрқайсысының белгілі бір мағынасы бар, әр түрлі себептерге байланысты, ата-ананың көңіл-күйін бала туылған кездегі отбасы жағдайын аңғарта қойылғандығын аңғаруға болады.