ЛЕКСИКАЛЫҚ БІРЛІКТІҢ МАҒЫНАСЫН АШУДЫҢ ҚОСАЛҚЫ АМАЛДАРЫ

  Қанағат Алтайбекова (Жезказган, Республика Казахстан) |    Скачать статью

Стильдік сипаттама. Сөздіктегі бірліктің (жалпы қолданымдағы лексика, термин) мағынасын ашудың аталған анықтамалардан да басқаша қосалқы амалдары мен тәсілдері бар (стильдік белгілер, салалық қолданысты, этимологиялық негізді мегзейтін белгілер, жақша ішінде берілетін түсініктемелер, ингерентті түсіндірме, басқа тілдегі аударма немесе балама вариант, суреттер, сызбалар, кестелер т.б. келтіру). Сөздіктерде сөздік тұлға арқылы аталып отырған түсініктің, заттың өзінің суретін, сызба немесе кесте түріндегі құрылымын, құрамын көрнекі түрде көрсету бар. Олардың қатарына «стильдік» мағына элементтері (стильдік сипаттама)‚ лексикалық бірлік туралы қосалқы этимологиялық ақпар‚ лексикалық бірліктің мағынасы туралы тіларалық деңгейде берілетін ақпар (аударма)‚ сөздік бірліктің мағынасын мүмкіндігінше толымды ашу мақсатына қызмет ететін тарихи-мәдени (сөздер мен сөз тіркестері үшін) және жалпы ғылыми танымдық (терминдер үшін) деректер беру‚ бірліктің өзі кіретін лексикалық шағын жүйенің элементтерін келтіру арқылы лексеманың семантикалық және ассоциативтік өрісін көрсету‚ сөздік бірліктің мағынасын ашудағы мысалдардың рөлін көрсету‚ суреттер мен сызбалардың көмегімен денотат туралы қосалқы ақпар беру мәселелері кіреді. «Орыс тілінің жаңа түсіндірме сөздігінде қазіргі орыс тілінің кітаби формасын көрсететін белгілер қатарына: кітаби (көбінесе жазба мәтіндерде және зиялы пікір алысуларда қолданылатын сөздер тобын білдіру үшін)‚ ресми (түрлі мемлекеттік мекемелер мен өкімет орындарында даярланатын мәтіндердің‚ құжаттардың тіліндегі ерекше сөздер тобын белгілеу үшін)‚ көсемсөз (қоғамдық ақпарат құралдарында көпшілікке белгілі бір дәрежеде эмоциялық әсер ету мақсатымен қолданылатын сөздер тобын белгілеу үшін)‚ дәстүрлі-поэтикалық (классикалық поэзияда қолданылатын бейнелі сөздер тобын белгілеу үшін)‚ халықтық-поэтикалық (ауыз әдебиеті поэзиясы үлгісінде айтылатын сөздер тобын белгілеу үшін)‚ дәстүрлі-әдеби (көркем әдебиет тілі үлгісіндегі сөздер тобын белгілеу үшін)‚ арнайы (кеңінен қолданылатын термин сөздерді белгілеу үшін) белгілері жатады. Стильдік қолданыстағы осындай ерекшеліктерді қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінде ескерген жөн тәрізді [1, 12 б.].