ӘДЕТ-ҒҰРЫП ҚҰҚЫҒЫНЫҢ БАСТАУЛАРЫ

  Раушан Ержаханова (Талдықорған, Қазақстан) |    Download article

Қазақ халқының шыққан тегі, тарихы, құқықтық мәдениеті өте қызықты, әрі күрделі мәселе. Қазақ халқы тарих аренасына шыққаннан бастап қаншама қилы-қилы замандардан өткенімен адамгершілік қағидасын ұстануы негізінде қоғамдағы қолданыста болған әдет-ғұрып нормаларының қазіргі уақытқа дейінгі маңыздылығы жоғалмаған. Бұл нормаларды құрауда халық адам құндылығын, әділеттікті, теңдікті және адамгершілікті бірінші орынға қойғандығы көрінеді. Қазақтың ежелгі дәстүрлі құқықтарының пайда болуын сөз еткенді біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірдегі патриархалдық қоғамдағы қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, заң тәртібі ретінде қолданылған жол-жора, үкім-кесімдердің құқықтық өлшемдерін айтпай кетуге болмайды [1, 23б]. Кез келген қағида-ереже алтын қазына бола қоюы екіталай. Ал қазақ әдет-ғұрып құқығының өміршеңдігі ең алдымен өзге құқықтық жүйелерден өзгеше ерекшелігі барлығында әрі адам құқықтарын, еркіндік, бостандық, теңдік, әділдік, адамгершілік категорияларын бірінші орынға қоюында жатыр. Сондықтан да тарихта қоғамдық құрылыстың дамып не құлдырауына қарамай, құқықтық мәдениеттің беделі мен қызметі құлдырамай, өз өміршеңдігін көрсете алды[1, 47 б].