ЗАТТАНҒАН СӨЗДЕРДІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ СИПАТЫ

  Света Саменова (Жезказган, Казахстан) |    Download article

Тілдің табиғатын толық ашу үшін оны сипаттап, жүйелеп беру жеткіліксіз. Сондықтан да соңғы жылдарда қазақ тіл білімінде тілдің әрекет ету, жұмсалу жолдарын қарастыратын функционалдық бағыттағы зерттеулер жүргізілуде. Бұнда функционалды грамматика тілдің өзін емес, сөйлеуді зерттеу нысаны етіп алады да, оны адамның ойлау әрекетімен, аялық білімімен байланыстыра қарастырады. «Функционалдық термині тіл білімінде әр түрлі қолданысқа ие. Ең алдымен, функционалдық термині тілдік терминдік жүйеде де, сөйлеу тілінің терминдік жүйесінде де қолданылады. Тілдік терминдер жүйесінде бұл термин «қызмет» мағынасында қолданылады да, тілдік бірліктің сөйлем ішіндегі атқаратын қызметін белгілейді, ал сөйлеудің терминдік жүйесінде тілдік бірлік арқылы берілетін ойдың мәні мен мағынасын анықтайды» [1, 7 б.]. Олай болса, функционалдық-семантикалық өріс заттанған сындардан алшақ жатқан категория емес. Сын есімдердің өз мағынасынан толық, түпкілікті қол үзуі нәтижесінде тілімізде пайда болған жаңа аталымдар баршылық. Тіліміздегі заттанған сөздердің барлығы да өзінің төл сөз табына қатысты мағынасынан біржола ажырап, аталым дәрежесіне жете бермейді. Яғни, сөйлемде кез келген сын есім зат есімнің мағынасында уақытша қолданылады. Тіліміздегі сын есімдердің басым көпшілігі, яғни сапалық сын есімдер де, қатыстық сын есімдер де тек белгілі бір қолданыста ғана заттық мағынада жұмсалып, оның қызметін уақытша атқаруға қабілетті. Мысалы: Ашуменен бір жақсыдан айрылып, қадір білмес бір жаманға тап болма (Мақал). Сын есімдердің қолданыстық заттанулары қазақ тілінде молынан ұшырасады. Оларға жағдай туғызатын тілдік факторлар бар.